Желіге әнші Қайрат Нұртастың көлікпен жүруге рұқсат етілмеген жермен кетіп бара жатқан видеосы жарияланды. Бұл жайтқа оқырмандар наразылық білдіріп, ережені бұзған көлік жүргізушісі анықталып, оған айыппұл салынды.
«Mercedes-Benz жүргізушісі Талдықорған қаласында ҚР Жол ережелерін бұзуға жол бергенін хабарлаймыз (Қозғалысқа тыйым салынады). Іздестіру іс-шаралары барысында 45 жастағы автокөлік жүргізушісі Алматы қаласының аумағында ұсталып, ҚР ӘҚБтК 601-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды (Жол белгілерімен көрсетілген талаптарды сақтамау). Жетісу полициясы азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымын көрсеткені, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамағаны және құқықтық тәртіп органдарына жәрдемдескені үшін алғыс білдіреді», — делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас видеоны Талдықорғанның орталық алаңында түсірген. Орталық алаңда көліктерге жүруге шектеу қойылған.