Пәтердің иесі 34 жастағы ер адам болып шықты. Ол жатын бөлмесін есірткі жасауға арналған фитозертхана ретінде жабдықтап, арнайы жарық шамдарының астында бақша құмыраларына 10 түп марихуана отырғызған.
«Зертхана көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан. Күдікті ер адам бұрын жауапқа тартылмаған. Қазіргі кезде өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық тергеу амалдары басталды. Ұсталған адамға қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды», — деді Жетісу облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабеков.
Пәтердің тағы бір бөлмесін тінту кезінде тәртіп сақшылары белгісіз саңырауқұлақтарды тапты. Саңырауқұлақтар тәркіленіп, олардың құрамында есірткі барын анықтау үшін сараптамаға жіберілді.
Айта кетсек, жыл басынан бері өңірде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 10 фактісі тіркелді. 20-дан астам есірткі сатушы жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 40 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленді.