Бұл тренингтің мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың салдары қандай болатынын түсіндіру, материалдық құндылыққа қарағанда рухани байлық пен адамгершілікті бірінші орынға қоюды ұғындыру.
Мемлекеттік қызметкерлермен кездескен Жайық Таймерденов жемқорлардың темір тордың ар жағындағы өмірі, еліміздегі коррупцияға бейім салалар, бүгінгі жасаған қылмыстың ертеңгі ұрпаққа, болашаққа әсері сияқты бірқатар келелі мәселелерді көтерді. Сондай-ақ басқосу барысында бірнеше әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
«Бүгінгі менің сөз ортасында келтіретін мысалдарым қарапайым өмірден алынған. Мәселен, жемқорлардың темір торға қамалғандағы жағдайы туралы айтар болсақ, ол жақта сіз көзіңізге елестетіп көрмеген дүниелер болады. Таза көрпе-жастық алғысы келетіндерге, тамақ ішкісі келетіндерге, қысқасы, кез келген өтінішке «төле» дейді. Әр қылмыстың салдары – қорқынышты жағдаяттарға душар етеді», — деді маман.
Оның айтуынша, адамның бойында парақорлыққа деген бейімділік бірден пайда бола қоймайды.
«Жұмысқа жаңа қабылданған маман бір ұсыныстан бас тартады, екіншісіне де келіспейді, үшіншісінде пендешілікке салынып, азғырушылардың арқасында қылмысқа барады. Бұл – ең бірінші, жұмысқа қабылдаған басшылардың дұрыс тәлім-тәрбие бермеуінен. Елге қызмет істеп жүргені болсын, кәсіпкер болсын, жалпы барша адамзат жемқорлық фактісін көріп тұрса, оған төзбеуі керек. Осы тұста тек пара алған емес, пара берген адамның да жауапкершілікке тартылатынын айта кеткен жөн», — деді Жайық Таймерденов.
Маманның мәліметінше, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деректері ең көп тіркелген бағыт – білім саласы.
«Болашақ қазірден басталатынын ескерсек, алдымен өзіміз өзгеруіміз қажет. Сонда ғана ұрпағымыз кемел келешекті құра алады. Ал сотталған адамның кесірінен баланың өміріне де балта шабылады», — деді ол.
Жиын соңында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары барлық жиналғандардың атынан спикерге алғыс айтып, сабақтың пайдалы болғанын атап өтті.
Антикор мамандары өңірдің барлық аудандарын аралап, осындай тақырыпта тренинг ұйымдастырады.