Ауылға арнайы барған тілшілер тұрғындармен тілдесіп қайтты. Айтуларынша, Панфилов ауылдық округінің әкімі барлық мәселені шешеміз деп, бірнеше жыл бойы құрғақ уәде беріп келе жатқан көрінеді.
Тарқатып айтсақ, мұндағы ең бірінші мәселе – мектептің жоқтығы. Төңкеріс ауылының «Жаңа құрылыс» шағын ауданында оқу ордасы жоқ. Оқушылар 2 шақырымнан астам жерге жаяу қатынап оқиды. Мектеп салынуы тиіс 1,4 гектар жер дайын болса да, жауаптылар құрылысты бастауға асығар емес.
Білім алушылар жаңбырлы күндері асфальт төселмеген жолда сары батпаққа батып, мектепке баруға мәжбүр. Бұл – тұрғындар ашынып айтқан екінші мәселе.
«Мектепке баратын сайлы жолды жылда су шайып кетеді. Жиналып жүріп, тас төсеттік. Ауыл әкімі бірнеше көшеге асфальт төсеуге уәде бергенімен, әлі орындалмай келеді. Тіпті, оларға сенуден қалдық. Кімге барып жүгінерімізді де білмейміз. Сайға жиналған судың иісі мүңкіп, бүкіл ауылды алып тұр. Балаларды далаға ойнауға жібермейміз, суға батып кете ме деп қорқамыз. Жер сатып алғанда шағын ауданның жоспарын көргенбіз, онда барлығы қарастырылған еді. Егер халыққа жағдай жасалмаса, неге жерді сатады?» – деді ауылдың 30 жылдан бергі тұрғыны Айман Абыханова.
Бұқара базынасы мұнымен бітпейді. Олардың сөзінше, ауыл әкіміне шағымданған күннің өзінде, ол көшеге жарық бағаналарын орнатқанын алға тартады екен. Ал мұнда жарық жиі өшеді.
«Жарықты не үшін өшіретіндерін де түсіндірмейді. Ағаш кесу үшін жарықты ажыратамыз дейді. Жиі қырқып, қарап тұратындай, жайқалған жасыл желек те жоқ қой бұл жерде», – деді бірауыздан тұрғындар.
«Жаңа құрылыс» шағын ауданы орталықтандырылған суға қосылмаған. Әркім өзінше тірлік етіп, жерден құдық қазып алған. Сәйкесінше, токпен тартылған су – ақшаның соры. Жарыққа халық айына 15-18 мың теңге ақша төлейді. Қыруар қаржы жұмсалса да, бұқара су мен жарыққа жарымай отыр. Жарық өшсе, су да бірге өшеді.
«Ауыз судың мәселесін арқалап, әкімдікке талай бардық. Дұрыс жауап та қатпайды. Біз бала-шағамыз үшін шырылдап жатырмыз. Бізге су керек. Ішіп отырған суымыздан құрт шыққан кездері де болды. Балаларымыздың іші өтіп, жиі жедел жәрдем шақырамыз. Судың санитарлық талапқа сәйкес келетінін, келмейтінін де ешкім тексерген жоқ», – деді Индира Көпжасарова.
Шенеуніктер болса, жарықтың жиі өшетінін трансформаторлардың Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) бөлімінің балансында болуымен байланыстырды.
«Төңкеріс ауылында 9 трансформатор бар. Оның 7-еуі «Алатау жарық компаниясының» иелігінде болса, қалғаны ТҮКШ-ге қарасты. Қазіргі таңда 2 трансформаторды аталған компанияның балансына өткізу үшін жұмыс жасап жатырмыз», – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Құрманғазиев.
Оның сөзіне сүйенсек, шағын ауданда «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша білім ошағы салынбақ.
«Мектеп құрылысы биыл басталуы керек болған. Оған 1,4 гектар жер бөлінгені рас. Алайда, бұл жер көлемі бағдарлама аясында салынатын мектепке жеткіліксіз. Сол себепті 2,7 гектар жер телімін бөлуді жоспарлап отырмыз. Балаларды мектепке тасымалдауға келсек, Төңкеріс ауылы мен шағын ауданның аралығы 3 шақырымнан аз. Сондықтан бала тасымалына автобус қарастырылмайды», – деді маман.
Сонымен қатар әкімнің орынбасары су мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын айтты. Су құбыры ендігі жылдан бастап тартылады.
«Құдықтарды тұрғындар өз бетінше қазып алған соң, оның санитарлық талапқа сәйкестігін ешкім тексере алмайды. Тексеріп, кемшіліктер айқындалса да, ол үшін ешкім жауапқа тартылмайды», – деді Арсен Құрманғазиев.
Дегенмен, тұрғындар шенділердің жауабына қанағаттанбады. Бұл әңгімені күнде естіп жүрміз – дейді олар.