Бүгінде Алматы қаласына қарасты «Алматы Су» компаниясы иелік ететін Сорбұлақ көлінің суын пайдалану, оны күтіп ұстау бойынша бірқатар мәселелер туындаған.
Ретімен айтсақ, ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзінше, бұл көлден Іле ауданы 3,5 мың, Жамбыл ауданы 2,5 мың гектар егістікке су алады. Алайда, көл жағасы 300 метрге шегініп, суы азайып кеткен. Себебі, «Алматы Су» қаладан шыққан тазартылған кәріз суының 65 пайызын Сорбұлақ каналы оң жағалауына (правобережный Сорбулакский канал – ПСК) жібереді. Нәтижесінде көлден сорғы стансасы арқылы Жамбыл ауданына су жіберу мәселесі жыл сайын күрделеніп барады. Су деңгейі 618 метрге түскенде су алу мүмкін болмай қалады. Егер экология министрлігі «Алматы Су»-дан су алу көлемін ұлғайтуға көмек берсе, егістік көлемін 9 мың гектарға дейін кеңейтуге болады.
Мұндай пікірмен «Іле ирригация» мекемесінің басшысы Жексембек Бейсембаев та келісіп отыр. Айтуынша, о баста Сорбұлақ көлін салудағы мақсат 23 мың гектар жерге суармалы су беру болған. 1991 жылға дейін Іле ауданы көлдің суымен 10 мың гектар жерді суарып отырған. 2006 жылдан бастап «Алматы Су» компаниясы Іле және Жамбыл аудандары басшылығымен келіспей, жылына 75 млн куб суды Сорбұлақ каналы оң жағалауына жіберіп отыр. Онда 50 млн куб суды жинағыш 5 кішігірім көл салынғанымен, су жер астына кетіп, қайта жер үстіне шыққаннан 10 көл табиғи түрде пайда болған. Апатты жағдай орын алған жағдайда компания қалған 25 млн куб суды Іле өзеніне жіберуге құқылы. Ал 1 млрд куб сыйымдылығы бар Сорбұлақ су тапшылығын көріп отыр. Жексембек Бейсембаев облыс және Алматы қаласы бірлесе отырып, тазартылған кәріз суын тиімді пайдаланудың жаңа үлгісін қолданысқа енгізуді ұсынды.
«Табиғат» экологиялық одағының директоры Меліс Елеусізов болса, Сорбұлақ жарылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.
«2017-2019 жылдары 2 бөгетті жаңғырту жұмыстары жүргізілсе де, бұл – жеткіліксіз. Компания басшылығы Сорбұлақты түгелдей жаңартамыз, 49 шақырым каналды жөндейміз, құжат дайындап жатырмыз дейді. Мұндағы мәселе Сорбұлақтың өзімен емес, каналдың оң жағалауымен тығыз байланысты. Жер астына білінбей кетіп жатқан су мен Сорбұлақтың суы жер сілкінсе, нөсер жауын жауса, Іле мен Балқаш ауданын алып кетеді. Үлкен көшкін орын алуы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысы сейсмикалық қауіпті аумақта орналасқан. Қонаев қаласында 8 бал, ал Сорбұлақ аумағында 7 бал жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары. Оған көл асты дүмпуін қосыңыз. Бұл мәселені көтеріп жатқанымызға бірнеше жыл болса да, әлі шешілмеді. Мен енді Бас прокуратураға, олар шеше алмаса, одан жоғары инстанцияларға арыз тастамақпын. Сөзіміздің барлық дәлелі бар. Ең алдымен зерттеу жүргізіп барып, Күрті су қоймасына су жіберу үшін канал салып, сол жерді кәріз-тазарту жүйесін тұрғызу қажет», — деді Меліс Елеусізов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сорбұлақта 776 млн куб су жиналып тұр.
«Максималды деңгейге жету үшін екі метр бар. Елдімекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», — деді «Алматы Су» компаниясының мамандары.
Күні кеше Іле ауданында орналасқан Сорбұлаққа Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев барып мәселемен танысқан еді.