Сенат депутаты құрылғанына 1 жыл толған жаңа облыста салынып жатқан әлеуметтік құрылыс объектілерін облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен бірге аралады. Қонаев қаласындағы 900 орындық мектептің құрылысымен, Қ. Қайсенов атындағы № 4 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Кездесу барысында сенатор өткен жылы еліміз үшін аса маңызды сәттерге, оқиғаларға толы болғанын, Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын айта келе, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Сенат қабырғасында атқарылған шараларға тоқталып өтті, 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңірлердегі жағдайлар туралы ақпарат берді.
«Мемлекет басшысымен ұсынылған саяси жаңғыру бағдарламасына шынайы қолдау білдіріп, соны іске асыру барысында еткен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да бірлігіміз ажырамай, одан да биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенімім зор. Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін!», — деп аяқтады сөзін.
Әлеуметтік объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының уақытылы, сапалы, талапқа сай жүргізілуі, бюджеттен бөлінген әрбір тиынның мақсатқа сай, тиімді жұмсалуы халық қалаулыларының әрдайым бақылауында болуы қажеттігін де ескертті.
Келесі кезекте туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдау мақсатында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Comfort», «Makao Luxury Village» қонақ үй, ойын-сауықтыру кешендерінің жұмыстарымен танысты.
Сенатор Қазақстан туристік ел болуға толық мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалған, мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілуде, қалғаны өзіміздің қолымызда», — деді депутат кешендерді аралау барысында.