«Мемлекеттік орган заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы мемлекет үлесін жекешелендіру кезінде заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар беруі прокурордың талап қоюына негіз болып отыр. Сот талқылауы барысында талап арызда келтірілген дәлелдер расталды», — деді қалалық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Сот талап арызды қанағаттандырып, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдағаны атап өтілген.
«Алматы прокуратурасының талап арызы қанағаттандырылып, сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Сот шешіміне соңғы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде апелляциялық және прокурорлық өтініш хат беруге болады», — деді судья Жанар Есембаева.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кету керек, Barys IV базарын 2013 жылдың желтоқсанында «Найза-БН» компаниясы мемлекеттен сатып алған. Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен келісімшарт жасалғаны белгілі болды. Бұған дейін Бас прокуратура бұл нысанның бес есе арзан бағаға сатылғанын хабарлаған болатын. Базардың нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, 307 миллион теңгеге сатылған. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы келісім-шартты жарамсыз деп тану туралы талап- арызбен сотқа жүгінді.