Мерейтой аясында аудан аумағында онға жуық мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылмақ.
Райымбек ауданы облыстағы ірі аграрлық аймақтардың қатарында. Мұндағы агроөнеркәсіп саласының жылдық бюджет көлемі 46 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, соңғы жылдары туризм бағыты да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы ауданға шамамен 25 мың турист келген.
Мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанатында аудан әкімі Дастан Құдабаев 90 жылдық мерекенің жоғары деңгейде өтетінін атап өтті.
«Мерейтойға орай спорттық, мәдени-көпшілік және туристік бағыттағы бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соңғы жеті жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Инфрақұрылым дамып, мектептер мен ауруханалар салынуда, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Бұл туризмнің дамуына да оң әсерін тигізді. Биыл бекітілген туристік маршруттарға асфальт жолдар төселеді, қажетті бюджет толық бекітілді», – деді әкім.
Ауданның 90 жылдығы аясында он күнге созылатын он түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл күндері фестивальдер, форумдар, концерттер, шығармашылық кештер, айтыс, пресс-тур және өзге де мерекелік шаралар өтеді.
Алғашқы іс-шара ретінде аудан тұрғындарының қатысуымен «Спорт – ұлт денсаулығының кепілі» атты денсаулық фестивалі ұйымдастырылды. Онда көңілді спорттық ойындар, шана жарысы, шаңғы сайысы және белсенді жарыстар өтті.
Фестиваль барысында көрермендердің ерекше қызығушылығын шаңғы жарысы тудырды. Бұл сайыста Сарыжаз ауылының 60 жастағы тұрғыны Жанболат Сұлтанғазиев тағы да топ жарды. Ол бірнеше жылдан бері өз жас санатында көш бастап келеді.
Спортшы республикалық жарыстар мен Президент кубоктарында да жүлделі орындарға ие болған. Қыста күнделікті 20-30 шақырым аралығында шаңғымен жаттығу жасайды.
«Біздің ауылда тұрғындардың 70 пайызы шаңғы тебеді. Өзім бұл спортпен 30 жылдан бері айналысамын. Қыс бойы күн сайын жаттығамыз. Жеті жастағы балалардан бастап, жетпістегі қарияларға дейін шаңғыға шығады. Соңғы 15 жылда бірінші орынды ешкімге берген емеспін», – деді ол.
Фестиваль қорытындысы бойынша Сарыжаз ауылы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Қарасаз ауылы, үшінші орынды Нарынқол ауылдық округі жеңіп алды.
Жеңімпаздар аудан әкімінің кубогы, медальдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.






