Басқосу әдеттегідей, мал және ауыл шаруашылығы жайлы баяндамадан басталды.
Өңір басшысы Райымбек ауданы картоп өндіруден алдыңғы қатарда екенін, дегенмен бұл аумақтың өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша кенжелеп тұрғанын айтты.
«Ауданда жұмыс істейтін 14 өнеркәсіптік кәсіпорын — шағын кәсіпкерлік субъектілері. Оның ішінде, көмір өндіру бойынша «Бүркіт» компаниясы және алтын өндіру бойынша «Нарын Голд» бүгінде өз қызметін тоқтатты», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев ауданда инвестиция тарту жұмысы да көңіл көншітерлік емес екенін тілге тиек етті.
«Инвестициялар тарту бойынша аудан 1,4 пайыз үлесімен облыста 8-ші орын алып отыр. Былтыр 8,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға дейін мұнда 9 жоба жүзеге асырылады, ал жоғарыда айтқандай, 2 жоба тоқтап тұр», — деді облыс әкімі.
Бұл мәселелерді шешу үшін Марат Сұлтанғазиев өзінің орынбасары Арслан Дәндібаевқа, кәсіпкерлік басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, аудан экономикасына инвестиция тарту жұмысын арттыруды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту арқылы өндірісті ұлғайтуды тапсырды.