«Алматы облысының Бұғыты аумағында вольфрамның 107 млн тонна қоры бар. 2018 жылы бұл жерден кен өндіру жобасын Өңірлік үйлестіру кеңесі инвестициялық жобалар қатарына қосты. Кен өндірісінің жалпы аумағы 894,9 гектар жерді алады», — дейді «Жетісу вольфрамы» ЖШС директоры Дамир Мұқан.
Қытайлық компанияның өкілі Лю Фань Юннің мәліметінше, бастапқыда инвестиция 320 млн долларды құрайды, мұнда 600-ден астам жұмыс орны ашылады.
«2-кезеңге қосымша 150 млн доллар қаржы бөлінеді. Мұнда жоғары технологиялық өнім алатын зауыт салынады. Бұл кезеңге өту үшін электр энергиясы мәселесі шешілуі қажет. Өңдеу зауыты бой көтерген жағдайда 1000 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады. Біз қытайлық жаңа өңдеуші технологиямен бөлісуге дайынбыз. Сонда Қазақстанда өндірістік тізбек, бірізді жүйе пайда болады», — деді компания өкілі Лю Фань Юн.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 2023 жылы өндіріс іске қосылғанда онда жұмыс істейтін мамандарды бүгін дайындау керегін айтты.
«20 жыл бойы келісім-шартпен жұмыс жасамақ ниеттіміз және келер жылы вольфрам өндіріле бастайды. ҚР заңы бойынша мұндай жағдайда жергілікті тұрғындар жұмысқа көптеп тартылуы қажет. Сол себепті қазірден бастап маман дайындау, оқыту бойынша жоспар жасап, екіжақты келісімге келейік. Бүгінгі білім алушы – ертеңгі білікті маман», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол қытайлық компанияға Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, тұрғындардың бизнесін дамытуға үлес қосуы туралы ұсыныс жасады.
«Еңбекшіқазақ ауданының халқы көбіне ет өндірісімен және ауыл шаруашылығымен айналысады. Егер бүгін оларға кез келген көмекті көрсетсеңіздер, ертеңгі күні халықтың сіздерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бұл шара қытайлық компанияның имиджін қалыптастырып, халық сеніміне ие болуға әсер етеді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Жиын соңында өңір басшысы аталған жобаның ойдағыдай жүзеге асуына тілектес екенін айтты. Және екіжақты серіктестіктің ұзақ әрі тұрақты негізде дамуы үшін әлеуметтік мәселелерді де қамту керектігіне мән берді.