Қарасаз ауылындағы атшабарда Аламан және құнан бәйге өтті.
Құнан бәйгеге Қырғызстан мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 55 құнан қатысты. Олардың ішінен 1-орынды Алматы қаласынан келген «Нұрай» шаруа қожалығының Гүлсары есімді жүйрігі жеңіп алды. Мәре сызығынан алғаш өткен 5 құнанға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Келесі кезекте жергілікті Райымбек, Кеген аудандарының сәйгүліктері топ бәйгеде сынға түсті. Жарыстың бас жүлдесі Уәли Оспановтың атына бұйырып, 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал 2-орынды Қызылшекара ауылының Қаршыға атты тұлпары жеңіп алды.
Аламан бәйгеде кегендік Ақбақай сәйгүлігі басқалардан оқ бойы оза шауып, алға суырылып шықты. Шабандоз автокөлікке ие болды.
Бәйгенің басты жарысы — Халықаралық аламан бәйгеде бағы мен бабы қатар келген Қырғызстан өңірінің Қаракер атты жүйрігі мәреден бірінші өтті. Оған да көлік кілті табысталды.
Сондай-ақ жиналған көпшілік теңге ілу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарды тамашалады.