Маманның айтуынша, Қаржы орталығының жүзеге асырып жатқан бірінші жобасы – студенттік жатақханалар салуды қаржыландыру. Яғни, белгілі бір кәсіпкер Алматы секілді мегаполисте не басқа облыстық маңызы бар қалаларда жатақхана салуға ниетті болса, қаржы орталығы тарапынан ақша ала алады. Бұл тетік мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады.
«Жатақхана тұрғызу кезінде Қаржы орталығы төсек орнына байланысты қаражат бөледі. Алматы қаласында нысанды жаңадан салып жатқан кәсіпкерлерге жылына әр студент үшін 230 АЕК көлемінде ақша бөлінеді, басқа қалалар үшін бұл соманың көлемі – 195 АЕК көлемінде. Кәсіпкерлер 6 жыл бойы қаржыландырылады. Ал нысанды қайта пайдалануға беру мақсатында жасалатын жөндеу жұмыстарына бір студент үшін Алматы қаласында 92 АЕК көлемінде, басқа қалаларда 47 АЕК көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл жағдайда бизнес өкілдеріне 8 жыл бойы ақша төленеді», — деді Диас Жамбылов.
Қазіргі таңда Қаржы орталығының еншісінде 10 мың төсек орынын қамтитын жобалар бар.
Сондай-ақ кәсіпкер жатақханаларды коммерциялық алаңдармен жарақтандыруға құқылы, олардың негізгі тұтынушылары жатақханада тұратын студенттер болады (асхана, шаштараз, тренажер залы және т.б.). Мемлекеттен төлем мерзімі өткеннен кейін нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Бірақ құрылыс компаниясы 20 жыл ішінде нысанды басқа мақсатқа қолдана алмайды (тұрғын үй, бизнес орталығы және т.б.).