Қайрат Әзірбай – Қонаев қаласындағы белсенді азаматтың бірі. Өндірістік жарақат алып, арбаға таңылғанына 2 жылдан аса уақыт болған. Соған қарамастан, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген азаматтың айтуынша, Қонаевтағы мемлекеттік нысандар мүгедек жандардың жүріп-тұруына сай жабдықталмаған. Басқасын былай қойғанда, қалалық әкімдік ғимаратындағы пандус қолдануға мүлдем жарамайды.
Ал жауаптылардың сөзінше, алдағы уақытта пандустар салынады деп жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 5 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.
«Баға ұсыныстарын сұрату арқылы мемлекеттік сатып алуды жүргізіп қойғанбыз. Жеке кәсіпкер ұтып алған. Осы жерде оның барлығын ақылдастық. Подъемник болады жанында», — деді Қонаев қалалық әкім аппараты заң бөлімінің басшысы Мақсат Орынбасаров.
Келесі нысан – облыстық прокуратура. Мұнда пандус мүлдем жоқ.
«Мен адамдарды көмекке айқайлап шақырып аламын. Кейде есік ашық тұрады, кейде жабық тұрады», — деді Қайрат Әзірбай.
Прокуратура мамандары болса, бұл нысанның жақында ғана осы мекемеге өткенін айтып ақталды.
Сондай-ақ жабдығы жоқ мекеменің бірі – Мәдениет үйі. Көлемді шаралар өтетін орында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Халыққа қызмет көрсету орталығында пандус болғанымен, лифт істеп тұрған жоқ.