«Көрші дүкендегілер төтенше жағдай қызметіне хабарласты. Қалалық өрт сөндірушілердің 2 көлігі бірден келді. Дегенмен, оның бірінің су беруші гидранты қатып қалған», — деді кәсіпкер Гүлжанат Мұқанқызы.
Ал Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты басқарманың бастығы Самат Кенжехан болса, гидранттардың істен шығуы әбден мүмкін екенін айтты.
«Ең бірінші болып сағат 10.30-да бұл жерге Қонаев қаласынан екі көлік келді. Өрт сөндіру гидранттарының кейбірі істен шыққан немесе аязды күні шлангтің қатып қалуы мүмкін. Дегенмен көмекке облыстық 4 өрт сөндіру көлігі келді. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ», — деді Самат Кенжехан.
Оның айтуынша, жанған өрттің аумағы — 102 шаршы метр. Қызыл жалын сағат 10.45-те сөндірілді. Өрттің нақты шығу себебі әлі белгісіз. Бұл жұмысқа 6 техника мен 16 өрт сөндіруші жұмылдырылды.
Сонымен қатар кәсіпкер әйел оқыс оқиғаның әсерінен 20 миллион теңге шығынға ұшырағанын айтты.
«Тауарды сыртқа шығаруға үлгермедік. Біздің ойымызша, өрт токтың қысқа тұйықталуынан орын алды. Анам екеуміз осы бизнестің арқасында күн көріп отырғанбыз. Менің де, анамның да төрт баласы бар. «KMF» шағын қаржылық ұйымына сақтандыру үшін ай сайын 65000 теңге төлеп отырмыз. Енді осы ұйым бізге көмек қолын созатын шығар деген үміттеміз», — деді көпбалалы кәсіпкер Гүлжанат Мұқанқызы.
Айта кетейік, елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялануына байланысты дүкендерде өрт қауіпсіздігі сақталуын ТЖД өз бақылауына ала алмайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram