Бұған дейін «Бәйтерек» лагерінде балалардың тар, лас бөлмеде ұйықтап жатқаны туралы жазған болатынбыз. Сол күні прокуратура мекемеге мониторинг жүргізді. Белгілі болғандай, лагерьде балалар демалуы үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Оқушылар Қапшағай су қоймасында шомылғанда қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Бұдан бөлек, мекеме басшысы жұмыста мас күйде жүрген. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабына сай, жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ прокуратура Алматы облысындағы 22 лагерьдің 8-і құзырлы органдардың рұқсатынсыз әрі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай жұмыс атқарғанын анықтады.
«Тексерілген лагерьдің көбінде спорт, ойын алаңдары қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Жатын бөлмелерге күрделі жөндеу қажет. 4 балаға арналған бөлмеде 8 немесе одан да көп бала орналастырылған», — деп жазды прокуратура.
Лагерьлердің әкімшілігі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР ҚК-нің 140-бабына сай, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.