«Зауыттың іргетасы осыдан 15 жыл бұрын қаланған. Қазіргі таңда бұл зауыттың жылдық қуаттылығы – 35-40 мың тонна. 200 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бүгінде зауыт аумағында үлкен қойма салып жатырмыз. Келесі жылдан бастап жылына өндірілетін өнім көлемін 60 мың тоннаға жеткізбек жоспарымыз бар. Ол кезде қосымша 100 адамды жұмысқа аламыз», – деді серіктестіктің өндіріс бөлімі директорының орынбасары Арман Шалтабаев.
Компанияға мемлекеттік қолдау «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан көрсетілген.
«Отандық брендке айналған «Kzcool» антифризін былтыр шығара бастадық. Ал ең алғашқы тауарымыз – «Nord» антифризі. Бұдан бөлек, мұнда «AdBlue» атты дизель отынына араластырылатын сұйықтық өндіріледі. Ол жүк көліктерінен қою қара түтін шықпауына әсер етіп, экологияға зиян келтірмеуге ықпал етеді. Сонымен қатар суыққа төзімді әйнек жуғыш сұйықтықтарды да өндіріп жатырмыз», – деді серіктестік маманы.
Оның сөзінше, тауарлар Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанға жіберіледі. Бүгінде антифриздерді Ресейге экспорттау көзделіп отыр.
«Зауыт 4 бөлімнен құралған. Олар: сұйықтық құйылатын арнайы ыдыстар шығаратын бөлім, тауар сапасын тексеретін лаборатория, өнімдер ыдысқа құйылатын жер және қойма. Ал шикізат толық шетелден әкелінеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 150-200 мың теңге аралығында», – деді Арман Шалтабаев.
Сондай-ақ Арман Шалтабаев зауыттың әкімшілігі тұрақты түрде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қаржылай немесе заттай көмектесіп отыратынын да атап өтті.