Алматы облысында бакалея өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін Үкіметтен 1 млрд теңге бөлінген. Бұл ақшаға жалпы салмағы 2095 тонна болатын 7 түрлі өнім сатып алынған. Азық-түлік өнімдерін барынша тиімді бағамен сатып алуды «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан құрылған тұрақтандыру қоры жүзеге асырады.
Өнімдердің 90%-ға жуығы облыстағы тауар өндірушілерден сатып алынады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай келеді. Қоймадағы барлық өнім тікелей Қонаев қаласындағы арнайы әлеуметтік дүкендердің сөрелеріне түседі.
«Өнімдер 10%-дан аспайтын баға үстемесімен сатылады. Қазір облыс орталығындағы 12 дүкенде әлеуметтік сөрелер бар», — деп жазды баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қоры арқылы Қонаев қаласында 15,5 тоннаға жуық өнім өткізілген. Сонымен қатар стационарлық және жылжымалы әлеуметтік павильондар мен көліктерді сатып алу мен ашу, қойма салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта тұрақтандыру қорының мамандары агенттік келісімдердің санын арттырып, географиялық ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.