Биылғы жылдың ақпан айында №3 және №8 бағыттағы автобустар іске қосылған. №3 бағыттағы қоғамдық көлік «Строитель» саяжайынан шығып, Сейфуллин, Балхашская, Центральная, Фрунзе, Қойшыманов, Абай, Қонаев көшелеріндегі аялдамаларға тоқтайды. Содан соң автобус 8-10 ықшам аудандарынан өтіп, бағыттың соңғы нүктесі 12 шағын ауданға жетеді. Қоғамдық көліктің қайту жолы «Восточный» шағын ауданынан басталады. Аталған бағытта 1 ғана автобус қызмет етеді.
№8 бағытының алғашқы нүктесі – 12-шағын аудан. Содан соң автобус «Восточный» ықшам ауданы арқылы бірнеше көшені басып өтіп, соңғы нүктесі – 64 192 әскери бөліміне тоқтайды.
Бұл бағыттардан бөлек, шаһар маңындағы елді мекендерге қатынайтын Қонаев — Арна, Қонаев – Шеңгелді — Сарыбұлақ — Кербұлақ, Қонаев — Шеңгелді — Қосқұдық, Қонаев — Заречный автобустары халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта осы бағыттардағы автобустар санын арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы қалалық автопаркте 23 автобус бар. Оның 8-і биыл қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы 4 қоғамдық көлік сатып алынады. Барлық бағыттағы автобустармен жүру бағасы — 80 теңге, жолақысын электронды түрде төлеу үшін «Avtobys» қосымшасы орнатылған. Айта кету керек, №7 автобустың жүру интервалы — 15 мин, №4 автобус — 10 мин, №2 және №8 автобус — 30 мин.
Сонымен қатар Қонаев қаласында Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектептің күрделі жөндеуден өтіп жатқанына байланысты 1 автобус балаларды оқу ошағына тасымалдап жатыр.