Тұрғындардың айтуынша, қала әкімдігінің жариялаған Instagram-дағы жазбасы түсініксіз әрі кімнен, қандай жер тартып алынатыны белгісіз.
«Қазіргі таңда осы уақытқа дейін белгілі бір мақсатта пайдалануға берілген жер телімдеріне мониторинг жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде пайдаланылмаған аймақтар анықталды», — дейді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Екатерина Колесниченко.
Оның айтуынша, ҚР Жер Кодексіне сәйкес шығарылған Қонаев қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 05 қазандағы № 919 қаулысы негізінде пайдаға асырылмаған 7 жер телімі мемлекетке қайтарылады. Олар үй-жайларға қызмет көрсету, спорттық-сауықтыру кешенін тұрғызу, суда құтқару нысанына қызмет көрсету үшін берілген аймақтар.
«Жоғарыда аталған кодекске сай, жер учаскесінің меншiк иесіне мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама жіберілді. Ресми хат жолданған соң ҚР жерді сатып алудың басым құқығына ие болады. Және мемлекеттiк қажеттiктер үшiн (әлеуметтік маңызы бар нысандар салу мақсатында) меншік иесінен учаскені алып қою туралы біржақты шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайтынын айта кеткен жөн», — деді баспасөз хатшысы.
Екатерина Колесниченконың мәліметінше, ҚР-ның «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 67-бабына сүйене отырып, хабарлама алғанға дейін меншік иесі болғандарға мемлекеттен өтемақы төленеді. Және жер телімінің құны нарықтағы бағамен салыстыра отырып есептеледі.