Отырыста мәслихат депутаты Алмагүл Қамбарова жағажайларды абаттандыру және Шеңгелді аумағындағы сорғы станцияларында тұрғындардың шомылу мәселесін көтерді.
Қала әкімінің айтуынша, сорғы станциялары шомылуға арналмаған және ол аумақтарда қауіпсіздікке кепілдік берілмейді.
«Сорғы станцияларында шомылуға болмайды. Ол үшін арнайы белгіленген орындар бар. Бұл аумақтар жеке меншікке тиесілі, сондықтан біз ол жерлерді жағажай ретінде қарастыра алмаймыз», – деді Асхат Бердіханов.
Сондай-ақ шаһар басшысы жағажай инфрақұрылымы мен қауіпсіздігіне қатысты Мемлекет басшысының сынын еске салды. Оның сөзінше, бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған.
«Өздеріңізге мәлім, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл мен Қапшағай су қоймасының жағалауларындағы жағдайды сынға алған болатын. Қазір сол кемшіліктерді жою мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жағажайларды абаттандыру жоспарланған. Оның ішінде “Алматы демалыс аймағы” да бар», – деді қала әкімі.
Әкімнің мәліметінше, аталған демалыс аймағына шомылу маусымында 320 мыңға жуық адам келген. Мұнда 34 демалыс орны және ұзындығы 1 шақырымнан асатын коммуналдық жағажай орналасқан. Коммуналдық жағажайды жалға алып, жыл сайын 37 кәсіпкер қызмет көрсетеді. Биыл осы аумақты толық абаттандыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Қонаевта қауіпсіз туристік маусым қалыптастыруға да басымдық берілмек.
«Қауіпсіздік мәселесіне келсек, биыл құтқарушыларды наурыз айынан бастап оқытуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Асхат Бердіханов.
Айта кетейік, бұған дейін Қонаевтағы №6 және №7 жағажайларды абаттандыру жоспарланғаны хабарланған болатын. Жалпы қала аумағында 10 коммуналдық жағажай бар.






