«Қонаев қаласында ғимараттарды, пәтерлерді жалға алу бағасы тым шарықтап кетті. Оған бірнеше себеп бар, біріншісі елімізде пәтерді жалға алудың қымбаттауы, екіншісі Алматы облысының орталығы болғалы бері пәтер тапшылығы мәселесінің алға шығуы», — деді риэлтор Динара Қонаева.
Оның айтуынша, облыс екіге бөлінбей тұрып, 1 бөлмелі пәтерді жалдау құны 50-70 мың аралығында болса, қазір бұл сома 120-150 мың теңгеге өскен.
«Ең өкініштісі, Қонаевтағы жалға берілетін пәтерлер бағасына сай келмейді. Жиһазы, жөндеу жұмыстары, тұрмыстық техникасы, барлығы ескі. Біз жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істегендіктен амалсыздан сондай адамдарға тап боламыз», — деді маман.
Оның сөзін Астанадан Қонаевқа іс-сапармен келген Дархан есімді азамат та растады.
«Қазан айында Қазақстан бойынша пәтерді жалдау бағасы өсті. Сол кезде осы жаққа іс-сапармен келдім. Бір ай ғана осында болып, енді жолға қамданып жатырмын. Мұндағы тұрақтаған пәтерім ұнамады», — деді Дархан.
Сонымен қатар Динара Қонаева тұрғындар көбіне делдалдарға шағымданатынын айтты.
«Риэлторлар жалға беруші мен алушы арасында келісімшарт жасайды. Қос тарап өкілдерімен келіссөз жүргізеді, барлық шарттарды алдын ала талқылайды. Ал кейбір делдалдар, жылжымайтын мүлік саласындағы тілмен айтсақ, маклерлар тұрғындардың қалтасын қағумен айналысады. Қарапайым ғана мысал, пәтерді көріп, таңдау үшін қосымша ақы алады», — деді риэлтор.
Ал заңгер Венера Еркимбаеваның сөзіне сүйенсек, еліміздегі риэлторлар жұмысы ашық емес. Яғни, сенімді риэлторлар тізімі еш жерде жоқ, тіпті, риэлтор агенттіктері ҚР Әділет министрлігінде тіркелмейді.
«Бұл мамандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ҚР Салық және жылжымайтын мүлік туралы Заңға сәйкес қызмет етеді. Өз ісін асыра пайдаланып жүргендерді тауып, жазалау мүмкін емес. Сондай-ақ пәтерін жалға беретін адамдардың мемлекетке салық төлеп, я төлемей отырғанын да біле алмайсыз», — деді Венера Еркимбаева.
Заңгердің айтуынша, тұрғындар уақытша тұрақтайтын пәтерді не үйді таңдағанда өз құқықтарын білуі тиіс.
«Қазіргі таңда жалға беретіндер арасында алдын ала депозит алу тенденциясы қалыптасты. Не үшін алады? Себебі, бөгде адамдар тұрған үйдің жиһазын сындырса, тұрмыстық техникасы істен шықса, соның орнына басқасын сатып алу үшін қажет. Тәжірибеме сүйенсем, «сен көшіп кеткен соң үйді жинаттым, сол үшін депозитіңді қайтармаймын» деп, пәтер жалдаған адамның ақшасын кері бермеген адамдар кездескен. Сондықтан пәтер жалдамас бұрын сенімді мамандарды таңдаған жөн», — деді заңгер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram