Туристердің айтуынша, көл жағасында дәретханалар мүлдем жоқ. Бұл мәселе қалалық жағажайға ғана емес, сонымен қатар демалыс орындарына да қатысты.
«Қонаевта 4 күн болдық. Ең сорақысы — демалыс күндері ондаған мың турист келіп, олардың дәретхана табуы қиын болды. Тапқан күнде де ұзын-сонар кезек және іші лас. Дәретханалардың көбірек болғанын қалар едім. Бұл деген біріншіден, гигиена емес пе?», — деді алматылық турист Асылбек Сәндібеков.
Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, жағалауда 8 әжетхана бар. Оның екеуі тегін, ал қалғандары ақылы. Бағасы — 150 теңге. Дегенмен туристер ағылған кезде ол бәріне бірдей жетпейді, тым аз.
«Биыл ол жерге қоғамдық дәретханалар орнатуды жоспарлаған едік. Бірақ, Алматы облысы бөлінуіне байланысты жоба тоқтатылды. Жағажайдың 5,2 шақырымына келесі жылы жаңа нысандар сала бастаймыз. Қоғамдық дәретханалар орнатамыз», — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексембеков.
Шенеунік жағажайда амфитеатр, душ, веложолдар, пирс салынатынын және бейнебақылау камералары орнатылатынын айтты.
Бұған дейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қаланы аралау барысында №8 жағажайда құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компанияны сынға алып, орнына басқа компания іздестіру керек екенін айтқан болатын. Ал №5 жағажайдағы құрылыс кестеге сай, өз уақытымен жүріп жатыр.