Саяжайдағы электр желісін қала балансына алу жұмыстары 2023 жылы басталып, 11 трансформатор қойылған. Содан бері құжаттарын реттеумен болды. Қалған ток беруші құрылғылар кезең-кезеңімен қосылады. Енді тұрғындар жарық ақшасын бекітілген тариф бойынша төлейді. Ал бұрын кВт-на 2-3 теңге артық төлейтін.
«Саяжайда 2004 жылдан тұрамын. Әу баста жарықпен мәселе болған жоқ, өйткені халық саны аз еді. Кейін тұрғындар тығыз қоныстана бастады. Суды тасып ішкен күніміз де болды. Әлі де мәселелер жеткілікті. Мысалы, тұрғындар жарыққа миллиондап қарыз боп тұр. Соған қарамастан, былтыр 11 трансформатор қойылып, биыл 1-шісі жұмыс істей бастады. Қуаныштымын», — деді тұрғын Бұрыл Айдарова.
Бұрыл апамыздың сөзімен Разиқа Ұзақова да келісіп отыр.
«Бұрын жағдайымыз қиындау еді. Былтырдан бері бізде жарық мәселесі шешіліп келеді. Күні кеше 1-ші трансформатор іске қосылды. Саяжайда көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар көп. Басшылықтың қарайласып, қолдау көрсетіп жатқанына алғыс айтамыз. Қаладағы мәселелер біртіндеп шешімін табатынына сенімдіміз», — деді ол.
Бүгінде саяжай жұртының қарызы 19 млн. теңгеге жеткен. Берешегі бар тұрғындар электр желісіне кейінірек қосылады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта, Қонаев қаласындағы «Строительная» саяжай алқабында 1240 абонент бар.