Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ашылу салтанаты Қонаев қаласындағы «Golden beach Kapshagay» демалыс орнында өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов бастаған елімізге белгілі спорт қайраткерлері жас боксшыларға сәттілік тіледі.
«Күні кеше ғана Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері ел абыройын асқақтатты. Бұл біздің бокс мектебінің қандай дәрежеде екенін анық көрсетті. Ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылардың алғашқы аяқ алысы осындай турнирлерден бастау алған. Халқымыздың кемеңгер тұлғасы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған бүгінгі жарыс та болашақ чемпиондардың құтты қадамына айналсын», – деді Талғат Байеділов.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге жуық боксшы қатысады. Сондай-ақ жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің балғын боксшылары да бақтарын сынауға арнайы келді.
Спортшылар үш күн бойы тартысты ойын өрнегін көрсетеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 12 маусымда өтеді.