Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты.
«Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. «Даму» қоры еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі институты, бірнеше жылдық тарихы бар. Филиалдың ашылуы облыста шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз. Өңірдің 84 пайыз халқы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан облыста Агрокредиттік корпорация секілді тағы да қаржы институттары ашылса, ол бізге үлкен көмек болады. Сонымен қатар алдағы уақытта ірі нысандардың құрылысы жүргізіледі. Сол кезде де қаржы институының қолдау бізге ауадай қажет», — деді Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде.
Ал Қанат Шарлапаев болса, қордың кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, бизнестің дамуына үлес қосатынын айтты.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының ашылуы Алматы облысы дамуы үшін жасалған бірінші қадам. Холдингтің 8 еншілес компаниясы бар. Болашақта мұнда «Отбасы банктің», Агрокредиттік корпорациясының қосыны ашылады. Жалпы облыстың даму потенциалы жоғары. Өңірдің алдына қойылған мақсаттарына жету үшін бірлескен жұмыстар атқарылады», — деді басқарма төрағасы.
Айта кетейік, қордың жұмысы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жеңілдетілген несиелендіру салаларында жүзеге асырылады. Былтыр 2022 жылы «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 50,5 мыңнан астам кәсіпкерлік бастама идеясы жүзеге асырылды.
Ал Алматы облысында 126 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы облысындағы мекенжайы: Қонаев қаласы, 1 шағын аудан, 14 «Б» корпус.