Атаулы көмек пен әлеуметтік төлемдер
Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 101 отбасының құрамындағы 509 аз қамтылған азаматқа тағайындалып, жалпы сомасы 71,5 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар 1 жастан 6 жасқа дейінгі 180 балаға ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік төлем ретінде 67,9 миллион теңге берілген.
Тұрғын үй көмегі 25 отбасыға көрсетіліп, оған 768,5 мың теңге бөлінді.
Мемлекеттің ерекше қамқорлығын қажет ететін азаматтарға да жүйелі қолдау жасалды. Атап айтқанда:
-
55 туберкулезбен ауыратын азаматқа – 6,9 млн теңге;
-
Ұлы Отан соғысының бір ардагеріне – тұрғын үй-коммуналдық қызметтеріне өтемақы және Жеңіс күніне орай 5 млн теңге;
-
91 ауған соғысының ардагеріне – 17,9 млн теңге;
-
Чернобыль АЭС апатынан зардап шеккен 24 адамға – 4,7 млн теңге;
-
128 әскери қимыл ардагеріне – 25,1 млн теңге;
-
ҰОС ардагерлерінің 9 жесірі мен 117 тыл еңбеккеріне біржолғы әлеуметтік көмек;
-
Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардың салдарын жоюға қатысып, мүгедектік алған 7 азаматқа біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Отбасы мен балаларды қолдау
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 26 баланың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы ата-аналар төлемі толықтай, яғни 100 пайыз субсидияланды.
Жыл ішінде Наурыз мейрамы, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні, Балаларды қорғау күні, Қарттар күні және Мүгедектігі бар адамдар күні аясында әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал жаңа жылдық мерекелер кезінде өткен ертеңгіліктерде 1024 балаға сыйлықтар табыс етілді.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау
Қонаев қаласы әкімдігі инклюзивті қоғам қалыптастыру және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы олар қажетті оңалту құралдары мен қызметтерді өз бетінше алу мүмкіндігіне ие.
Жыл басынан бері 660 дана гигиеналық құрал, 82 арба, 254 протездік-ортопедиялық бұйым, сондай-ақ тифло және сурдоқұралдар берілді. Бұдан бөлек, 323 адам санаторий-курорттық еммен, 46 азамат жеке көмекші қызметімен, 16 адам ымдау тілі маманының қызметімен қамтылған.
«Қолжетімді орта» және әлеуметтік инфрақұрылым
Қалада кедергісіз орта қалыптастыру бағытында әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. «Қолжетімді орта» порталында тіркелген 109 нысанның 85-і толық, 5-еуі жартылай бейімделген. Бұл жұмыстар қоғамдық ұйымдардың қатысуымен және құрылыс нормаларын сақтай отырып жүргізілуде.
Әлеуметтік қызметтер және еңбек көші-қоны
Арнайы әлеуметтік қызметтер орталықтары арқылы 27 адам стационарлық, 115 адам жартылай стационарлық және 115 адам үйде қызмет көрсету түрімен қамтылды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет аясында 2399 адамға еңбек иммигранты ретінде жұмыс істеуге рұқсат берілген.






