Форумға ҚМДБ Төрағасы, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Смағұл Елубай және тағы басқа қоғам өміріне белсене араласып жүрген ақсақалдар қатысты.
Жиында ел бірлігі, салт-дәстүр секілді қоғамның келелі мәселелері көтерілді.
«Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған», — деді Бас мүфти.
Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы ел ағаларын жастар арасында дәстүрді көбірек дәріптеуге шақырды. Форумнан соң мәуліт айының қарсаңында ас берілді.