Іргетасы 1969 жылы қаланған мекеме былтыр қайта тіркеуден өтіп, «Қонаев жылу» атауын иемденген. Бүгінде мұнда тұрғын үйлер мен ғимараттарды жылыту үшін ұзындығы 58 км құбыр жүйесі мен 10 қазандық жұмыс істейді. Қазандықтардың 6-ы буға арналса, 4-і су қазандығы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Барлық Төрехановтың айтуынша, аталмыш жылу беру орталығы қысқы кезеңге сақадай сай.
«Жылыту маусымы қазан айының 15 жұлдызында басталады. Бүгінгі күні Қонаев қаласының «Жылу орталығы» қысқа дайын. Биыл мекемеде ұзындығы 7,3 км құбыр жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлінсе, 60 млн. теңге өз қаражаты есебінен қарастырылды», — деді Барлық Адепханұлы.
Ал, «Жылу орталығы» директоры Сейдахмет Даданбеков, жылу құбырларының 42%-ның тозығы жеткенін айтты. Ескі жүйені қалпына келтіру үшін мекеме жыл сайын өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізеді екен.
Айта кетейік, биыл тарифтерге тағы да өзгеріс енгізіліп, баға бағамы өсе түскен. Барлық Төрехановтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда баға 12%-ға артқан. Нәтижесінде, өлшеу құрылғылары бар тұтынушылар үшін тариф құны шаршы метріне 4 000 теңге, ал тиісті құралы жоқтар үшін жылу үшін төленетін құн 5 500 теңге деп бекітілген.