«Жылу берілсе де, үйдің іші азынап тұрады». Осылай деген Қонаев қаласының тұрғындары жылуға жарымай отыр. Жергілікті жұрт, мәселе бірнеше рет көтерілсе де, шешімін таппағанын айтады.
Валентина Ходенко Қонаев қаласында 20 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, пәтердегі ауа температурасы 18 градустан аспайды.
«Облыс орталығы атанып, мәселе шешіледі деп ойладық. Іс жүзінде олай болмады. Әкімдікке талай бардық. Олар құрғақ уәде беріп, шығарып салады. Ештеңе өзгермеді», – деді Валентина Ходенко.
Бүрсең қағып отырған өзге тұрғындардың айтуынша, жылу жүйесіндегі ақау салдарынан пәтер азынап тұрады. Өйткені, ыстық су келіп тұрса да, үйдегі батареялар суық. Ал жылу орталығының директоры «мәселені мекеме емес, тұрғындардың өзі шешуі керек» деген жауап айтты.
«Бұл – бетоннан салынған үйлер. Терезесін ауыстыру керек. Есікті қаптау керек. Соның бәрін қамтамасыз ететін үйдің иесі. Жылу орталығынан санитарлық нормаға сай жылу беріліп отыр. Біз 80-85 градусқа дейін жылу беруге мүмкіндігіміз бар. Бірақ нормадан асырсақ олардың құбыры жарылып кетеді», – деді Қонаев қаласы жылу орталығының директоры Сейдахмет Дадамбеков.
Орталық директоры «тұрғын үйлердегі құбырларды да тазалау керек» дейді. Сөзіне сенсек, бұл жұмыстарды пәтер иелері кооперативі бақылауға алуы тиіс.