Қонаев қаласының дәрігерлері жол апатына түсіп, ауар жарақат алған егіз әйелдерді құтқарды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Адам ағзасында жамбас пен сан сүйегі секілді өте мықты сүйектер бар. Оларды сындыру үшін шамамен бір тонна күш қажет. Мұндай қуатты соққы сүйектерді сындырғанда, әдетте басқа органдарға да ауыр зақым келтіреді.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының травматология және нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-травматолог Евгений Кимнің айтуынша, мұндай жарақаттар бас-миды, кеуде қуысы мен іш аймағын, омыртқа және басқа да ағзаларды жарақаттайды. Дәрігерлер мұны полижарақат деп атайды. Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы орталық ауруханаға дәл осындай ауыр жарақат алған Алтынай мен Толғанай есімді егіз әйел жеткізілген.
Науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері Евгений Ким, Данияр Жиренбаев, Карина Үдербаева және Шерзод Нұруллаев Бақанасқа аттанып, жедел жәрдем бөлімінде жатқан әйелдердің жағдайын тұрақтандырады. Үш күннен кейін оларды Қонаев қаласындағы, травматология және нейрохирургия бөліміне жеткізген. Дәрігерлер Толғанайға үш түрлі, Алтынайға екі түрлі күрделі жеті сағаттық операция жасайды. Оларға бас-ми зақымы, ми шайқалу, бас жарақаты, кеуде қуысы жарақаты, омыртқа, сегізкөз және сан сүйегінің сынуы сияқты ауыр диагноз қойылған.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Рақышева бұл жағдайда травматологтар мен реаниматолог-анестезиологтардың үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Әйелдер ауруханаға түскендеріне екі апта өтсе де, әлі төсек тартып жатыр. Бірақ олар дәрігерлердің кәсіби әрекетінің арқасында аман қалғандарына қуанышты. Пациенттердің туыстары дәрігерлерге алғыстарын білдіріп, өмірлерін құтқарғаны үшін шексіз ризашылықтарын жеткізді.
Алтынай мен Толғанайды үйде сағынып, күтіп отырған кішкентай балалары бар. Әйелдер үйлеріне оралатын күнді асыға күтуде. Егіздер өздеріне өмір сыйлаған дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне алғыс білдіруде.
Алтынай мен Толғанайға шексіз бақыт пен мықты денсаулық тілейміз!
Баспасөз орталығы