«Бүгінгі таңда облыс орталығында қоқыстың көп мөлшері жиналатын орындар байқалады. Қала орталығынан алыс орналасқан шағын аудандарда стихиялық полигондар, қатты-тұрмыстық қалдықтар бар екені анықталды», — деді әкім.
Аталған мәселеге байланысты өңір басшысы қаланың коммуналдық қызметтері қоқысты уақтылы шығару және қала көшелерін санитарлық тазарту жұмыстарын күшейтуі қажет екенін айтты.
«Қаладағы масаларды жою жұмыстары ерекше назар аударуға тұрарлық.
Көктем-жаз кезеңінің басталуымен қалада масалардың мәселесі күрделене түсті. Бұл халықтың көптеген шағымдарын тудырып жатыр, сонымен қатар туристердің наразылығын тудыруы мүмкін. Мен қала аумағында тиісті жұмыс жүргізу бойынша тапсырма бердім. Алайда, бүгінгі күні масалармен күресуде көзделген нәтижелерге қол жеткізілген жоқ», — деді маса мәселесі туралы айтқан Марат Сұлтанғазиев.
Әкім бұл мәселені тиімді шешу үшін ғылым өкілдерімен бірлесіп пысықтау қажет екенін атап өтті.
«Қала әкімдігі бұл мәселені қатаң бақылауға алып, Қонаев қаласы маңындағы су қоймаларының аумағын өңдеу бойынша іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуі тиіс», — деді облыс әкімі.
Келесі мәселе — шаһардағы кепкен ағаштар. Бұл жайлы әкім ағаш отырғызу кезінде топырақтың жай-күйін, климаттық жағдайларды және суару жүйесінің болуын ескеретін ұтымды тәсіл ұсынуды тапсырды.