Жыл ішінде «Көшпенділер» қалашығына дейін 6,8 шақырым жаңа жол салынды. Аталған аумақта жол бойы толық жарықтандырылып, қалашық кіреберісінде арнайы автотұрақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Қарлығаш» ықшамауданында 7,4 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 8,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу, аялдамалар орнату және көше жарығын жүргізу көзделген. Аталған жоба өтпелі болып саналады және жұмыстар биыл жалғасады.
Кешенді даму жоспарына сәйкес, Шеңгелді ауылдық округі аумағында 29,2 шақырым жол жөнделді. Атап айтқанда:
-
Кербұлақ ауылы – 8,1 км (19 көше);
-
Сарыбұлақ ауылы – 9,2 км (14 көше);
-
Ақөзек ауылы – 4,0 км (6 көше);
-
Қосқұдық ауылы – 7,7 км (8 көше).
Жолдарды күтіп ұстау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында бірқатар ағымдағы жұмыстар да атқарылды. Атап айтқанда, 4 000 шаршы метр шұңқыр жамалып, 1 300 метр аумақта ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 520 жол белгісі мен 14 жасанды жол дөңесі орнатылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қонаев қаласында қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайызға жеткен.
Қала билігінің мәліметінше, жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасады.






