«Жұмыс күндері тауарын жайып, жолдың екі жағынан қойылған шатыр әсерінен аяқ алып жүре алмайсың. Облыс орталығы болғалы бері бұл жерге адам тынығып отыратын орындықтар қойылып, қолайлы өмір сүруге жағдай жасалды. Жабайы сауда қаланың сәнін бұзып тұр», — дейді Әлия Асқарқызы (аты өзгертілген).
Қаладағы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болса, тексеріс жүргізіліп, кәсіпкер ретінде тіркелмеген саудагерлерге айыппұл салынып жатқанын айтады.
«Полиция бөлімімен бірлесіп, стихиялық сауда орындары бойынша үнемі рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Саудагерлердің кейбіріне ескертулер берілсе, енді біріне ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабына сәйкес айыппұл салынады. Жыл басынан бері барлығы 130 хаттама толтырылды. Десе де, үйреншікті жерде нәпақа табатындардың әрекеті тыйылар емес», — дейді бөлім басшысы Асқар Ибраимов.
Асқар Ибраимовтың жауабына сүйенсек, 2022 ж. 8 ақпанда Қапшағай қаласы әкімдігінің №59 қаулысы жарияланды. Аталған қаулыға сәйкес мерзімдік сауда мен стационарлық емес сауда орындары болып «Айша Сити» базары белгіленді. Бұнда тұрғындар 2 жыл бойы алаңсыз сауда жасауына рұқсат. Қаулы 16 ақпанда Әділет министрлігінде тіркелді. Сондай-ақ қыстың екінші айында «Жетісу» базарында маусымдық сауда жасаушыларға 6 айға дейін тегін орын беру мәселесі қарастырылды.
«Қазіргі таңда қолжетімді көтерме-бөлшек сауданы ұйымдастыру үшін коммуналдық базар салу мәселесі қарастырылып жатыр. Және ол базардың қай жерге орналасатынына байланысты үш нұсқа ұсынылды. Болашақта бұл мәселе өз шешімін табады деген ойдамыз», — деді тілші сұрағына жауап берген басшы.
Әлия Асқарқызының айтуынша, тексеріс жүргізуге келген полицейлер заңсыздықпен күресудің орнына, рұқсатсыз сауда жасап тұрғандардан тауар (көкөніс, жеміс-жидек) алып кетеді екен.
«Суретке түсіріп үлгермедім. Әйтсе де, жемқорлықтың жазаланатыны белгілі. Ары-бері жүрген көпшілік бұндай әрекетті көрсе де, көрмегендей боп өтіп кетеді. Әрине, «жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» — дегендей, күйбең тіршілікпен басы қатқан адам қоғам мәселесін қайтсін? Соған қарағанда, парақорлық та қанымызға сіңген бе деймін. Аталған факті бойынша облыстық прокуратура мамандары зерттеу жүргізіп, шара қолданса, нұр үстіне нұр болар еді», — деді өз сөзінде қала тұрғыны.
Тұрғын айтқан тағы да бірқатар мәселе бар. Оның шағымына қарағанда, жабайы сауда орындары көпқабатты үйлер арасындағы жолдың тарылуына әсер етеді. Оның үстіне, онсыз да тар жерге, рұқсат етілмеген жолға көліктерін қойып кететін жүргізушілер көбейді. Бұл мәселелер бірнеше жыл бойы қаузалып жатыр. Дегенмен, жауапты мамандар тек айыппұл салумен шектеліп келеді.