Зауыттың жаңа бағытын шаһар басшысы Нұрлан Құматаев іске қосты. Салтанатты шараға Қазақстанның «Автохимияны өндірушілер және тұтынушылар ассоциациясының» президенті Дәурен Айқұмбаев қатысты.
«Біз 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Зауыт тосол, антифриз, салқындатқыш сұйықтық, көліктің әйнегін жууға арналған және дизель отынымен жүретін автокөліктердің газ шығарушы жүйесін тазалайтын арнайы сұйықтықтарды өндіреді. Енді қазақстандық өнімге мән беріп, «Kzcool» антифризін шығаратын үлкен бағыт ашылды», — дейді «Bagashar meken» ЖШС-нің басшысы Алексей Воробьев.
Оның айтуынша, 2013 жылдан бері елімізде дизельдік көліктерді пайдаланылған газдан міндетті түрде тазарту туралы арнайы заң қолданысқа енгізілді. Сондықтан 2021 жылы «Bagashar meken» ЖШС Германияның VDA атты жол қауымдастығынан AdBlue маркалы сұйықтықты өндіруге лицензия алды. Және аталған серіктестік Орталық Азиядағы VDA рұқсатнамасына қол жеткізген жалғыз зауыт.
«Өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия секілді елдерге экспортталады. Жылына бюджетке 800 млн теңге салық төлейміз. Зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Қауқары – жылына 25 мың тонна өнім өндіруге жетеді», — деді зауыт басшысы.
Сонымен қатар ол Қазақстан аумағына тауарларын заңсыз кіргізіп жатқан кәсіпкерлермен тиісті жұмыс атқарылмай жатқанын айтты.
«Бұл мәселе зауыттың қанатын кеңге жаюына кедергі келтіріп тұр. Әйтпесе, елдің түкпір-түкпірін қажетті автохимиямен қамтамасыз етуге шамамыз жеткілікті. Жауапты мамандар осыған көңіл бөлсе деген өтініш бар», — деп сөзін түйіндеді кәсіпкер.