ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиал өкілдері Қонаевтағы «Достар» такси қызметінің мамандарымен кездесіп, көлік жүргізушілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімбек Манасұлы МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалатынын атап өтті. Өз сөзінде медициналық қызмет екі пакет бойынша, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетінін жеткізді.
«Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болу үшін соңғы 12 ай немесе болашақ 12 айдың төлемдері болу керек. Дербес төлеушілер үшін 2024 жылы 1 қаңтарынан бастап ағымдағы ай үшін – 4 250 теңгені құрайды. Әр азамат өзінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін банктердің мобильді қосымшасы арқылы, Электрондық үкімет порталында, fms.kz Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.Төлемді Екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, “Қазпошта” АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету Касса 24 және Qiwi әмиян терминалдары арқылы», — деді халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі басшысының м.а Әкімбек Саурықбаев.
Кездесуге такси жүргізушілері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жеке клиникаларда МӘМС арқылы қызмет алу туралы сауал болды. Қор өкілдері медициналық көрсеткіштер болған жағдайда Қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болатынын жеткізді. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет екенін баса айтты. Мұнымен қоса, тұрғындар қате төлем жасаған кезде, медицина сапасына көңіл толмаған жағдайда қайда жүгінуге болатыны жайлы сұрасты. Өз кезегінде қор қызметкерлері егжей-тегжейлі түсіндіру шарасын жүргізді. Кездесуден кейін қатысушылар мамандарға алғысын жеткізді. Жалпы, Медициналық сақтандыру қорымен 2024 жылы медициналық қызмет көрсету үшін Алматы облысы бойынша 73 қызмет жеткізуші медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Олардың 49-і – жекеменшік, 24-і – мемлекеттік мекеме.