Қонаев қаласында тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды alataunews.kz.
Қалада 295 көпқабатты үйдің қырығы шатырын, жүз алпыс бесі қасбетін жөндеуді қажет етеді. 2024 жылдың соңына дейін 13 үйдің шатырын жөндеп, 15 үйдің қасбеттерін сырлау жоспарланған.
Сонымен қатар, 4 және 5-ықшам аудандарда дәрігер, полицей және тазалықшы мамандарға арналған үш жаңа мурал салынып жатыр. Бұл муралдар алдағы бір аптада толық аяқталып, қала көркін айшықтайтын болады.
Қонаев қаласы облыс орталығына айналғаннан бері, мұнда Дінмұхамед Қонаев, Абай Құнанбайұлы, Әл-Фараби сынды ірі тұлғаларға, сондай-ақ құтқарушыларға және бірлікке арналған муралдар пайда болған еді. Енді олардың қатарына еңбек адамдарына арналған муралдар қосылмақ.