Жаңа оқу жылында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 1396 бүлдіршін алғаш рет мектепке барады. Бүгінгі күні 1 сыныпқа қабылданатын оқушылардың ата-аналарынан жалпы саны 1382 өтінім түскен.
Ресми деректер, биылғы жылы қазақ сыныбында оқуға ниет білдіргендердің қарасы қалың дейді. Өтініш бойынша 945 адам балаларының қазақ тілінде оқығанын қалайды.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 2023-2024 оқу жылында 1-4 сыныптар аралығында барлығы 5333 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтылатынын айтады.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылына балаларды даярлау үшін аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыға 40 567 теңге көлемінде көмек көрсетіліп, баланың заңды өкілінің есеп шотына аударылады. Дәл осындай көмек Қонаев қаласы бойынша 700 балаға беріледі деп жоспарланған. Оған жалпыға бірдей білім беру қорынан 28,396 млн теңге қаражат қарастырылды. Бөлінген қаржы тамыз айының 15-не дейін аударылуы тиіс.