Ал облыс орталығында тұрғындар шағымы азаймай тұр. Мәселен, Азамат есімді тұрғын (есімі өзгертілген) Қонаевта такси бағасы 50% қымбаттайды деп өз жорамалын айтты. Сонымен қатар такси жүргізушісі азық-түлік бағасы да шарықтап кетуі ықтимал екенін алға тартты.
«Табиғи монополияларды реттеу қызметі, құзіретті мемлекеттік қызметшілер қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Қонаевтың өзіндегі жанармай құю бекеттерінде бензин түрлі бағада саудаланып жатыр. Қазір ғана көлігіме шаһардағы бір бекеттен 176 теңгеден бензин құйғызып келдім. Баға бірыңғай болуы тиіс», — деді Азамат.
Бұдан бөлек, Алматы-Өскемен тас жолының бойындағы жанармай бекетінде ауыр көлігіне дизель құйып жатқан Қордай ауылының тұрғыны ДО үшін лимит енгізілгенін, отын бағасының өскені ауыл шаруашылығы өнімдерінің, еттің қымбаттауына әкелетінін сөз етті.
«Жамбыл облысынан Қонаев қаласына селитра алу үшін келгенбіз. Еліміздің барлық өңірінде жағдай тұрақты болғанымен, қымбатшылық қалтадан ұратыны рас. Сәйкесінше, шаруа қожалықтары есепті қайта жүргізіп, өнімді саудаға шығарудың жаңа бағасын енгізеді. Үкімет тарапынан дизель отыны арзандатылған бағада беріледі, бірақ оның сапасы төмен», — деді Асылбек Досым.
Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасының мамандары болса, бензиннің түрлі бағада саудаланып жатқанын жасырмады.
«Жанар-жағармайдың жаңа шекті бағалары бекітілгеннен кейін, облыста барлық жанар-жағармай құю станциялары бұрыннан қалған бензин мен дизельді сатуына байланысты жаңа бағаға көшкен жоқ. Жанармай бекеттері шаруашылық жүргізуші субъектілер болғандықтан, иелері жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімдерді өз бетінше қабылдайды. Бірақ, шекті бағалар ескерілуі қажет», — дейді мамандар.
Айта кетейік, облыстағы 52 жанармай бекетінде дизель отыны саудаланып жатқан жоқ. Себебі, жеткізуші оператор ЖҚС-на уақытында дизель тасымалдамай жатыр. Өңірде жалпы саны 208 ЖҚС жұмыс жасайды.