Мерекенің құрметті қонақтары: өңірдің мәдениет қайраткерлері, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек және басқалар болды.
Салтанатты кеш барысында өңірдегі ақын-жазушылардың облыс әкімдігі қолдауымен жарық көрген 10 кітабы таныстырылды.
«Осы шығармашылық жоба арқылы біз Алматы облысының мәдени маусымын ашамыз. Қонаев қаласы тұрғындары мен қонақтары аймақтағы әнші, бишілердің және белгілі сахна тарландарының өнерін тамашалауға алдын ала шақыртылды. Алматы облысы авторларының үздік кітаптарының тұсаукесері болды, биыл алғаш рет бірден 10 кітапты жарияладық, бұл ешқашан болған емес және бұл қазақстандық авторлардың маңызды қолдауы болып табылады», — деді Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова.
Кеш кішкентай оқырмандар үшін де мерекеге айналды. Іс-шара аясында балаларға арналған белгілі авторлардың 3,5 мыңға жуық кітабы өңір кітапханаларына берілді.
Концертте белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.
Секен Тұрысбек, Гүлнұр Оразымбетова, Мирас пен Құралай, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі және т.б. өнер жұлдыздары ән мен би, күйден шашу шашты.
Көрермендер әсіресе қазақ эстрадасының жұлдызы Гүлнұр Оразымбетованы ерекше жылы қарсы алды. Сондай-ақ кеште ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблі де өнер көрсетті.
Алматы облысы әкімдігінің өкілдері мәдени маусымда мұндай іс-шаралар көп болатынын жеткізді.