Салтанатты шара шымылдығын ашқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова мейірімді жандардың қажырлы жұмысына тоқталып, кәсіби мерекенің маңызын атап өтті.
«Биыл тәуелсіздіктің 33 жылдығы қарсаңында осы кәсіби мерекенің басталғанына тура 13 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мемлекет саясатының басты мақсаты екенін атап өтті. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуда сіздер секілді жақсылықтың жаршысы саналатын жандар күш салуда. Өте жауапты, жүгі ауыр саладағы тынымсыз еңбектеріңіз үлкен құрметке лайықты. Баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік, табыс және амандық тілеймін», – деп жүрекжарды лебізін жеткізді Айгүл Ахметова.
Облысымызда әлеуметтік сала бойынша бір жарым мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Олар жалғыз тұратын қарттардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, ерекше қажеттілігі бар балалардың бабын тауып, халықтың аз қамтылған санатын қолдай отырып, мемлекеттік саясатты табысты іске асыруда. Айгүл Ахметова өңірімізде атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Алға қойған міндеттерге сәйкес әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі үшін барлық жағдай жасалған. Материалдық, техникалық базасы жаңартылған әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып келеді. Облыс бойынша маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылып, жұмысқа орналасу мәселелері шешілуде. Бүгінгі таңда 3000-нан астам адам әлеуметтік қызметтердің барлық түрінен қызмет алып, мұқтаж азаматтардың 99 пайызын түгел қамтып отырмыз. Өңірімізде әлеуметтік қызмет көрсететін 10 жаңа мекеменің жұмысы да жолға қойылған», – деді ол.
Жылдағы дәстүр бойынша үздік қызметкерлерді анықтау үшін өткізілетін облыстық байқау биыл да мереке қарсаңында ұйымдастырылған. Байқау шарты бойынша үміткерлер аудандар мен қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде 2-қазаннан бастап 15-қазанға дейінгі аралықта іріктеліп, 18-20 қазан аралығында облыстық басқармада әр ұсыныс жеке қаралып, арнайы комиссия қатысушылар ұсынған материалдар мен құжаттарды саралап, жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде Кеген ауданының әлеуметтік қызметкері Айгерім Жақыпова бас жүлде иегері атанып, 500 мың теңгелік сертификатты қанжығалап қайтты. Басқа да қатысушыларға ақшалай сыйлық табысталып, Алғыс хат берілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова үздік сала мамандарын «Еңбек ардагері» медалімен, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттап, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және басқарманың Алғыс хаттарын табыс етті.
Салтанатты шара өңір өнерпаздары және әлеуметтік сала қызметкерлері дайындаған концертке ұласып, мерекелік көңіл-күй арта түсті.