Бірнеше айдан бері төрт түліктің иелері біраз сиырынан айрылған. Бұл ауылдың күнкөрісі мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан, жергілікті халық қатты алаңдап отыр. Бұрын табында шамамен 80 бас болса, қазір жартысы қалыпты. Ірі қаралар бір-екі күн ауырып, артынша өле берген.
«Бір айдан бері мал бағып жүрмін. Осы уақыт ішінде 10 сиыр арам қатты. Ал ауру жайлағалы бері 30-ға жуық ірі қара өлді. Қазір 50-ге жуық сиыр жайылымға шығарылады», — дейді Марат Қарасбаев.
Мал 2-3 күнде қатарынан қырыла берген соң тұрғындар ветеринарларға жүгінген. Бірақ дәрі-дәрмектен пайда болмапты.
«Бұл ауру туралы білгеннен кейін мен дабыл қақтым. Ауру малдарды табынға жібермей оқшаулап, мал дәрігері айтқан дәрілерді бердік. Бірақ нәтиже жоқ. Қаншама мал арам қатты. Тағы да дәрігерлерді шақырттық. 7 адам болып комиссия келді, осымен бітті», — дейді ауыл тұрғыны Ырысалды Мамарбетова.
Ауыл тұрғындары малға ауру жақын маңдағы шаруашылыққа әкелінген жаңа сиырлардан немесе кенеден келді деп болжап отыр. Алайда, ветеринарлар инфекция су арқылы жүреді дейді. Дегенмен, жауабын зертханалық тексеруден кейін айтады. Ал өлген малдан алынған сынамалар талдау үшін жарамсыз, өйткені кез келген биологиялық материалды төрт сағат ішінде зерттеу керек екен.
Бұл ауылда 3 айдан бері малдың қырылып жатқанынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар бейхабар болып шыққан. БАҚ-тың қалыптасқан жағдайға түсініктеме беру туралы өтінішінен кейін басқарма ауылға мамандар жіберген.
Олар анықталмаған инфекция жоспарлы тексеруге жататын аурулардың мемлекет бекіткен тізіміне кірмейтінін, ауру сиырлардан сынамалар алып, оларды талдау үшін Алматы қаласына жібергенін жеткізді. Ал ауылдықтардың әзірге нәтижесін күтпесіне амалы жоқ.