«IT-hub-ты Қонаев қаласында құру туралы Премьер-Министрдің тапсырмасымен менің осы қалаға қолдау жасау туралы бастамам бар. Нақты қай жерде, қалай құрылатыны туралы біз қазір облыс басшылығымен талқылайтын боламыз», — деді Бағдат Мусин alataunews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, барлық аймақтарда хабтарды дамыту мақсатында министрлік тарапынан 500 млн тг қарастырылып отыр. Министрдің есебі бойынша, сол қаражатты әр аймаққа үлестіргенде, шамамен Қонаевтағы хабқа 30 млн тг бөлетін болады. Бұл қаржы хабқа қажетті контент пен әдістемелік бағдарламаларды сатып алуға жұмсалады. Ал оның материалдық-техникалық базасына жергілікті әкімдіктер жауапты.
«Астана Hub» өзінің тиімділігін көрсетті. Мұнда қазір 800-ден аса компания тіркелген. Олардың барлығы дамып, өсіп келе жатыр. Жаңа компаниялар мен стартап жобалар жүзеге асырылып жатыр. Біз дәл осындай қозғалысты өңірлерде де жасау керектігін түсінеміз. Өйткені, креативті жастар өңірлерден Астана мен Алматыға келеді, бірақ мұндағы өмір қымбат, сондықтан қиындықтар туғызады. Сол себепті біз қазір барлық әкімдіктерге облыс орталықтарынан осындай хабтар құруды ұсынып отырмыз», — деді Бағдат Мусин.