Басқосу барысында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) басшысы Экономика министріне ұйымның капиталын 40 млрд. теңгеге өсіруді ұсынды.
«Жеткілікті капиталдың, яғни ақшаның болмауы инвестициялық жобаларды жоспарлы іске асыру мүмкіндігін шектеп отыр. «Қонаев» ӘКК-ні республика бойынша орташа капитал деңгейіне дейін (40 млрд. теңге) қосымша қаржыландыру қажет», — деді ӘКК төрағасы Бағлан Құлтаев.
Сонымен қатар Бағлан Құлтаев қаражаттың жеткіліксіз болғанынан кәсіпкерлерге лизингке техника және суару жабдықтарын алып беру жобасының іске қосылмай тұрғанын айтты.
«Біздің бастамамыздың бірі — техника мен жабдықтарды лизингтеу. Бұл ретте ӘКК жаңадан құрылғандықтан және жеткілікті қаржының болмауынан нарықтың қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр. Халықтың сұранысына байланысты «техника және суару жабдықтарын лизингтеу» облыстық бағдарламасын іске қосқымыз келеді. Жоспарланған бюджет 8 млрд. теңге», — деді ӘКК төрағасы.
Өз кезегінде Экономика министрі төрағаның ұсыныстары қабылданғанын айтып, мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, ұсыныстар республикалық деңгейде қаралатынын жеткізді.