Тұрғындардың сөзінше, 90 жылға жуық тарихы бар институттың жұмысын жандандыру қажет. Себебі, облыста селекцияға 1 млрд теңге бөлінгенімен, ауданның мал шаруашылығы саласы ақсап тұр.
«Кеңес заманында толық қуатында жұмыс жасап тұрған институт 15 одақтас республиканың ішінде алдыңғы қатардағы оқу ордасының бірі болатын. Бұл жердің жұмыс жасамағанына 3 жыл болды. Аудан әкіміне де тиісті сұрақтарды қойғанымызбен, жоғары билік өкілдерінің қолдауы қажет болып тұр», — деді тұрғын.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл институттың Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетіне қарасты екенін айтты.
«Былтырдан бері Аграрлық университет басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оқу ошағымен 1 факультетті осы жаққа қарай көшіру туралы сөйлескенбіз. Бірақ университеттің өзінде орын алған біршама өзгерістерге байланысты байланыс уақытша тоқтап тұр. Сіздер қозғап отырған мәселе расымен де өзекті. Мысалы, күні кеше осы ауылдан бұрын-соңды болмаған қой ауруы табылды. Сондықтан бұл іске белсенді түрде кірісіп, мәселені біржақты етуіміз қажет. Институт жұмысын жандандырмаса, мал шаруашылығына келетін зиян көп болып тұр. Аталған мәселемен менің орынбасарым Рауан Рақымбеков айналысатын болады», — деді өңір басшысы.