Прокуратураның дерегінше, компания жалпы құны 6 миллион долларды құрайтын тауар жеткізуге шарт жасасқан. Алайда іс жүзінде шетелдік резиденттің шотына ақша толық көлемде аударылғанымен, нақты тауар тек 3,7 миллион долларға ғана жеткізілген.
«Қалған қаражат шарттық міндеттемелерді формалды түрде бүркемелеу арқылы елден заңсыз шығарылған. Компания шетелге аударылған қаражатты қайтару үшін ешқандай шара қабылдамаған. Сонымен қатар, салық органдары да валютаны елге қайтару (репатриация) талабын бұзғаны үшін тиісті әрекет етпеген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Анықталған заңбұзушылық бойынша облыс прокуратурасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабының 2-бөлігі негізінде («Ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау») әкімшілік іс қозғады.
Қонаев қалалық сотының қаулысымен, «Т» ЖШС кінәлі деп танылып, 239 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі заңды күшіне енді.






