Мысалы, Ақмола облысындағы Южная көшесі Сәбит Мұқановтың құрметіне, Буденный көшесі Бауыржан Момышұлының құрметіне, ал Ленин көшесі Абылай ханның құрметіне өзгертілді. Өткен жылы Республикалық ономастика комиссиясы 606 ұсынысты қарады.
«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі тапсырманы орындау үшін үш жаңа облысқа Абай, Жетісу және Ұлытау атаулары берілді. Ал Қапшағай қаласы Қонаев болып өзгертілді. Сондай-ақ, облыстардың атаулары тек мемлекеттік тілде бекітілгенін атап өткен жөн. Мысалы, Абай облысы, Ұлытау облысы және Жетісу облысы», — деді Мәдениет және спорт министрлігінің ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Қостанай халықаралық әуежайына ұлт ұстазының есімі берілді.