Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол салудың инфрақұрылымдық жобасы «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылады. Еліміздің транзиттік әлеуетін және учаскелердің өткізу қабілетін арттырудан басқа, жоба өңірдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Темір жол салу кезінде отандық өндірушілер материалдарын пайдалану және жергілікті мамандарды тарту жоспарланып отыр. Жұмыс барысында және екінші жолды пайдалануға бергеннен кейін Жетісу облысы аумағында 2 000-ға жуық жұмыс орны құрылады.
Кеңесте Алакөлге дейін жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Осы маусымда 11 жолаушылар пойызы жүрсе, оның 9-ы «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ал 2-уі жеке тасымалдаушыға тиесілі болды. Ұлттық тасымалдаушы ҚР ИИДМ қолдауымен Алматыдан екі бағыт бойынша «Тальго» вагондарынан құрылған жолаушылар құрамын іске қосты. Жалаңашкөл, Көктұма, Ақши және Бескөл станцияларында вокзал ғимараттары мен жолаушылар платформалары жөнделді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін вокзал ғимараттарында пандустар, күту залында арнайы орындар орнатылып, мүгедектер арбалары сатып алынды.
Облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерінің сұраныстарын орындауға ерекше назар аударылды. Достық және Талдықорған станцияларында теміржолдар арқылы жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, Текелі энергокешеніне вагондардың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету және теміржолшылардың қажеттіліктері үшін өз өнімдерін жеткізуде облыс кәсіпорындарын қолдау мәселелерін шешу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев іскерлік, сындарлы кездесуді ұйымдастыруға қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Жетісу облысында ҚТЖ инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруға толық көмек көрсетілетініне сендірді.
Кеңес қорытындысы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Жетісу облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қоюмен бекітілді.