Балпық би кентінде өткен жиналыста Жетісу облысының агроөнеркәсіп кешені өкілдері көтерген басты тақырып – қант өндірісіндегі кедергілер. «Кең Дала» шаруашылығының жетекшісі мәлімдеуінше, шаруалар бағасы шарықтап кеткен тыңайтқышты сатып ала алмай отыр. Олар қант қызылшасын егетін жерді өңдеу маусымы өтіп бара жатқандықтан, мәселеге Үкіметтің шұғыл араласуын сұрап отыр.
«Келесі жылы қант қызылшасының егістік көлемін және өнімділікті ұлғайтсақ деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін дайындыққа биылдан бастап кірісуіміз керек. Ал тыңайтқыш бағасы аспандап кеткен. Биылғы өнім ақшасын зауыттан әлі алғамыз жоқ. Қаржы қолға тиіп, қажетті селитраны себем дегенше, жер қатқақ болып, тыңайтқыш төсеуге келмей қалады», — деді шаруашылық басшысы Қалибек Алпысбаев.
Оның айтуынша, әр гектарға 300-500 келідей аммофос (тыңайтқыш) қажет. Қазір оның 1 тоннасының бағасы – 204 мың теңге. Сондықтан тез арада мемлекеттен арзандатылған бағамен тыңайтқыш берілуі керек. Әйтпегенде, биылғы жағдай 2023 жылы да қайталанады.
Өз кезегінде министр тыңайтқыш зауыттарының басшыларымен жиын өткізетінін айтты.
«Индустрия министрлігіне Қазақстанда өндірілген тыңайтқыштарға квота қою туралы ұсыныс тастадық. Яғни кем дегенде селитра өнімінің 50%-ы елдің ішкі нарығында қалуы керек», — деді Ербол Қарашөкеев.
Жетісу облысы — қызылша өндірісімен айналысатын екі аймақтың (екіншісі Жамбыл облысы) бірі. Қазіргі таңда қызылша егумен айналысатын шаруашылықтардың 25% ғана үкімет тарапынан тыңайтқышпен қамтамасыз етіледі. Облыс бойынша биыл 200 мың тоннаға жуық өнім алынды. Сонымен қатар, қант өндіретін негізгі 4 зауыттың екеуі осы Жетісу облысына тиесілі.
Қазақстан халқының сұранысын қамтамасыз ету үшін жылына 500 мың тонна қант қажет, ал 4 зауыттың қауқары небары 70 мың тонна.
14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының тек төртеуі — Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істеп тұрғанын және олардың жүктемесі небәрі — 31% екенін айтып, Үкіметтің жұмысын сынға алған болатын. Саланы дамытудағы әлсіз жұмысы үшін Президент Сауда және интеграция министрі мен Ауыл шаруашылығы министріне сөгіс жариялаған еді. Осы күні Қазақстанның импорттық қантқа тәуелділігі — 90%.