Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру бойынша қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қоры оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартты.
Зердесі бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта логопед, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар, психолог кабинеттері және спорт залы жаңартылып, жабдықталды. Кабинеттерге 180 балаға оңалтуға көмек беретін жаңа тактильді-дамытушы және сенсорлық жабдықтар, сөйлеу тренажерлары, интерактивті панель, компьютерлер, заманауи және ыңғайлы жиһаз қойылды.
Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеті ыдыс-аяқ пен тігін керек-жарақтарымен жабдықталған. Спорт зал ойын және гимнастикалық жабдықтармен толықты. Мектеп 2009 жылы салынған, қазір онда ерекше білім беру қажеттілігі бар 173 бала оқиды.
«Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 188 мың бала бар, олардың 7 мыңнан астамы Алматы облысында. Ерекше балалар үшін білім беру үрдісі мен оңалтудың маңыздылығы зор. Арнайы мектеп білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайына назар аудару қажет, себебі олар тиісті деңгейде қаржыландырылмайды. Екі жыл ішінде «Қазақстан халқына» қоры еліміздегі 98 арнаулы мектептің материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайтатын болады, оның ішінде үшеуі Алматы облысындағы Есік және Қаскелең қалаларында жабдықталады», — деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.
Білім беру процесінде заманауи оқу және түзету-дамыту жабдықтарын пайдалану ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бағдарламаны іске асыруға «Қазақстан халқына» қоры еліміздің 98 арнаулы мектепке және барлық арнаулы мектептердің жұмысын үйлестіретін «Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ-ге жалпы сомасы 2 млрд 764 млн теңге бөлді.
Алматы облысында 3 арнайы мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Олар – Есік қаласындағы зерде және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық интернаттар және Қаскелең қаласындағы зердесі бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат. 3 мектепке Қор тарапынан жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан айында Қарағанды облысының Шахтинск қаласында арнайы мектеп – «№7 арнайы мектеп-интернаты» КММ жарақтандырылды. Мектепте 45 педагог жұмыс істейді және 123 бала оқиды, оның ішінде мүгедек балалар, жетімдер және қамқоршылары бар балалар бар.