Аудандық Мәдениет үйінің алаңында ұйымдастырылған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов ұлттық құндылықтан дәріптеуге арналған көрмені тамашалады. Одан кейін ресми бөлімге кезек беріліп, сахнаға ҚР Туы салтанатты түрде әкеленініп, Гимнді ауданның өнерпаздары жанды дауыста шырқады.
Құттықтау тілегін білдіру және марапаттау үшін ортаға шыққан аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы осынау ұлық мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталып қана қоймай, өңірде ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, келер жылы одан да көптеген істер күтіп тұрғанын айтып өтті.
Мұнан кейін Жасұлан Естенов ауданның өркендеуіне үлес қосып, белсенділігімен танылып жүрген бірнеше қарасайлыққа «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» куәлігі мен төс белгіні табыстап, атқарып жүрген жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар ауданның өркендеуі жолында атқарып отырған белсенді қызметі үшін өз атынан бірқатар аудан азаматтарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерейлі мереке қарсаңында өтіп жатқан шарада спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен спортшылар бақ сынасты. Нәтижесінде Алмалыбақ мектеп-гимназиясының ұстазы Ержан Омаров қойды көтеру жарысында үздік атанып, көтерген қойын сыйлыққа алды.
Республика күні мерекесіне арналған салтанатты шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Сүйікті Отан, егемен ел, туған жер тақырыбын арқау еткен әншілер патриоттық әндер шырқаса, ұлттық аспап домбыраның шанағынан төгіле күй шертіліп, мың бұралған өнерпаз қыздар әдемі би биледі.